Мемлекетіміздің зайырлы сипаты


с. 1
ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Лама Шариф Қайрат Қайырбекұлының қазақстандық БАҚ өкілдерімен кездесуде сөйлеген сөзінің тезистері

(Президенттің мәдениет орталығы, Астана қ., 17 маусым, 2011 жыл)

 

Мемлекетіміздің зайырлы сипаты Ата Заңымызда атап көрсетілген. Бірақ қалыптасқан жағдайларға орай Қазақстанда құқықтық және демократиялық мемлекет құру үдерісіне қарағанда зайырлы мемлекет қалыптастыру мәселесіне аз көңіл бөлініп келеді.

Біздің қоғамымыз үшін аса маңызды болып табылатын «мемлекеттің зайырлылығы» деген тақырыпты қозғағанда, бұл ұғымға не кіретінін ашып айтуымыз қажет. Зайырлылық дегеніміз діни бірлестіктердің мемлекеттен бөлінгенін және мемлекеттік саясатқа араластырылмайтынын білдіретін мемлекеттің конституциялық сипаты болып табылады. Мемлекеттің зайырлылық сипаты ол діни бірлестіктермен мүлде байланыспайды, бірлесе жұмыс жүргізбейді дегенді білдірмейді.

Жаңадан құрылған Дін істері агенттігі азаматтардың діни сенім бостандығына деген құқығын қамтамасыз ету саласындағы дін саясатын түсіндіру жұмыстарын жүргізумен, діни бірлестіктер жөніндегі заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеумен айналысатын болады. Біз сонымен қатар Қазақстан қоғамындағы тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететін, рухани ағартушылыққа бағытталған іс-шараларды өткізетін боламыз. Діни экстремизмнің алдын алу шараларына ерекше көңіл бөлінетін болады.

Мемлекеттің зайырлылығы еліміздің ішкі тұрақтылығы мен өркендеуінің басты тірегі болып табылады. Бүгінгі таңда біздер зайырлылықты ортақ күш қосып, бірлесе қолдап, орнықтыра түсуіміз қажет. Біз елімізде руханилықтан ажырап қалу, діни көзқарастардың радикалдануы секілді ымырасыз жағдайлардың белең алмауы үшін күш біріктіруіміз қажет.

Мемлекеттің зайырлылығы сонымен қатар ой еркіндігін қамтамасыз ету, қоғам өміріне пайдалы барлық жаңалықтарды енгізуге даяр тұру, ғылыми-техникалық прогреске жол ашу дегенді білдіреді.

Сонымен қатар біз діннің зайырлы қоғамымыздың ажырамас бір бөлігі болып табылатынын, сондықтан Қазақстанда діндерді дамыту ісіне мемлекеттің әрқашан көңіл бөліп отыратынын атап айтқымыз келеді.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, көптеген зайырлы мемлекеттерде тұрғындардың басым көпшілігі белгілі бір дінді ұстанатын болса, сол дінге басымдық беріледі.

Мысалы, конфессиялық құрылымы біздің елімізге біршама сәйкес келетін бірқатар ТМД елдерінде кейбір діни бірлестіктерге дәстүрлі конфессиялар мәртебесін беру механизмі құрылған. Олар дін саласындағы саясат мәселесін нақты шешіп алған, соған сәйкес өз территориясында ежелден дамып келе жатқан, өз мәдениеттерінің негізін құрайтын діндерге қолдау көрсетеді.

Көптеген зайырлы еуропалық мемлекеттерде де осындай жағдай қалыптасқан. Мысал ретінде көпконфессиялы қоғам бола тұра да дәстүрлі діндерге басымдық берілген Германия, Франция, Италия мен Бельгия мемлекеттерін атауға болады - бұл елдердің ғасырлар бойы жинақталған рухани мұрасы сол дәстүрлі діндер негізінде қалыптасқан.

Біздің еліміздегі сан ғасырлық тарихқа ие, халықтың ең көп бөлігі ұстанатын Ата дініміз - Ислам мен Христиан дінінің Православие тармағы болып табылады.

Мәдениетіміздің маңызды құраушысы болып табылатын дәстүрлі Исламның қайта өркендеуі қазақ халқының рухани дамуына елеулі серпін берді. Бүгінгі таңда Қазақстан тұрғындарының 70%-ын құрайтын қазақтар, өзбектер, ұйғырлар, татарлар, қырғыздар, тәжіктер, түркімендер, шешендер, ингуштер, түріктер, күрдтер мен дүнгендер сунниттік Исламды ұстанады.

Еліміздің көпұлтты тұрғындарының 25%-ын құрайтын орыстар, украиндар мен белорустарды біріктіретін екінші негізгі конфессия - Православие болып табылады.

Сонымен қатар, елдің жалпы тұрғындарының екі пайызын құрап отырған поляктар, немістер мен еврейлер ұстанатын католик, протестанттық, иудаизм дін ілімдерінің игілікті рөлін де ешкім жоққа шығара алмайды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бұл конфессиялар Қазақстанда өз қызметтерін еркін жүзеге асыруға мүмкіндік алды.



Бұған қоса әрбір қазақстандық ар-ождан бостандығына құқылы екендігін де атап көрсетеміз. Біз өз таңдауымызды жасадық. Біздің таңдауымыз - «Бір ұлт - бір дін» ұстаныма негізделген таңдау. Осы тұрғыда бізді діні мен тілі бір халық ретінде таниды. Бұл бағытта бірлесе отырып, «Қазақстанда байсалды Ислам дінін дамыту» тұжырымдамасын жасауға атсалысуымыз қажет.

с. 1

скачать файл